17 қараша — Халықаралық студенттер күні

Барша студенттерді мерекесімен құттықтай отырып, олар жайлы маңызды ақпараттар мен ең қызықты деректерді ұсынамыз. Ресми деректер бойынша Қазақстанда 113 жоғары оқу орны бар.
2024 — 2025 оқу жылдарында тіркелген жоғары оқу орындарындағы студенттердің жалпы саны 624 мыңнан асады. Ал шет елден келіп оқитын халықаралық студенттердің саны 31 500. Енді грант бөлімінде оқитын студенттерге келсек олар 93 мыңнан асады.
Еліміздегі стипендия көлемі соңғы 5 жылда екі есеге өскен. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен базалық стипендиялар көлемі бакалаврда оқитындар үшін — 52 372 теңге, педагогикалық мамандықтарда — 84 000 теңге, магистратура — 117 098 теңге, ал докторантура 262 500 теңгені құрайды.
Қоғамда мемлекеттік гранттардан бастап студенттерге арналған стипендиялық жеңілдіктер көп. Мысалы мүмкіндігі шектеулі немесе ата-анасының қамқорлығынан айырылған арнаулы санаттағы студенттерге жатақханалар, жылына екі рет 2-4 МРП көлемінде төленетін «жол стипендиясы», “Болашақ” қоры арқылы берілетін стипендиялық бағдарламалар мен Шахмардан Есенов қоры секілді қайырымдылық қорларының шәкіртақылары да бар.
Ал үздік оқыған студенттерге арналған Президенттік және жоғары үлгерім үшін берілетін үстеме стипендия түрінде марапаттар да бар. Сондай-ақ техникалық, IT, табиғи ғылымдар салаларында танымал студенттерге берілетін Шахмардан Есенов атындағы стипендия (Yessenov Foundation) мөлшері ай сайын 70,000 теңгені құрайды.
Енді Қазақстан студенттері туралы көп адам біле бермейтін қызықты деректерге оралсақ, статистика олардың 40%-ы жұмыс істеп жүріп оқитынын көрсетеді. Арасында онлайн фриланс, SMM, монтаж, репетитор, такси/курьер сияқты салалар өте танымал.
Біздің елде “мәңгі студент” көп екенін де жасырмаймыз. Мысалы 10 жыл бойы мамандық ауыстырып, екінші жоғары білім алып, магистратура одан соң докторантура яғни «академиялық саяхат» жасайтындар бар. ЖОО үшін де, студент үшін де бұл қалыпты үрдіс.
Ал студенттердің ең сүйікті тағамдары рейтингінде:
- кеспе (рамен)
- самса
- бургер, донер
- палау
- ауылдан келген тағамдар



