Күзді жайлы серуен, сұлу суреттермен шығарып салыңыз

Астанадағы күздің соңғы апталары ызғарсыз, жылы ауа-райымен қуантып тұр. Синоптиктердің болжауынша, алдағы 10 тәулік бойы күн райы жылы болады. Терезеңізден түс мезгілінде шуақ көрініп, қызараңдап батқан күнге тамсанатын күндер көбейеді деген сөз. Демек жылы киініп, саябақта серуендеуге де әлі мүмкіндік бар.
Сәйкесінше, тұрғындар арасында жайлылығымен танылған саябақтар мен естелікке сұлу сурет жинайтын топ — 3 мекенжайды ұсынамыз.
Бұл күзде астаналықтар жиі барған орындардың алғашқысы — «Ататүрік» саябағы. Есілдің оң жағалауында орналасқандықтан, биік ағаштар мен өзен сылдыры табиғатқа жақын келіп, бір сәт аялдап демалуға мүмкіндік береді.
Ботаникалық бақ — ағаштар мен өсімдіктің түр-түріне бай. Әсіресе күздің суығында да жасыл шыршалардың көптігі әлі де жылы күндердің саясын сездіреді.
Оң жағалау мен сол жағалаудың тоғысында орналасқан «Жетісу» саябағы орталықтан ұзамай-ақ серуендеуге өте жайлы орын.
Саябақтың қай-қайсысында да ыстық жүгері мен сүйікті кофеңізден дәм татудың өзі жанның рақаты емес пе!?
Ендігі кезекте, Астанадағы күзгі суреттер үшін фотограф маман ұсынған топ — 3 мекенжай:
- Қалдаяқов көшесіндегі “Париж кварталы” тұрғын үй кешені маңы
- А. Иманов көшесі, 10 үй. Мұнда ерекше қақпасы бар ескі үй
- Тәуелсіздік көшесі, 13 үй. Қақпасына қызыл түсті ерекше шырмауық гүлдер өскен ғимарат
Фотографтан тағы бір кеңес, суретке күн батарда түссеңіз өте әдемі шығады. Күндеріңіз сұлулыққа толсын, жиі серуендеңіз.



