Рухани жексенбі: “QARGYN” кездесуі қалай өтті?

23 қараша, жексенбі күні “Qargyn” оқырман клубының кезекті кездесуі өтті. Клуб әр жолы форматты өзгертіп, оқырманға жаңа серпін беруді мақсат етеді. Бұл жолы да дәл солай: кездесуде әдетте 4 спикер, бір қонақ болатын, кешегі жолы екі негізгі спикер өздері таныстырған кітаптарын қорғап, оқырманмен ашық диалог құрды.
Кештің ерекше бөлігі — жұлдызды қонақ, Айна Досмахамбеттің қатысуы болды. Ол өзінің авторлық «Ажыраспа» кітабының таныстырылымын жасап, шығарманың мазмұны, жазылу тарихы және ондағы негізгі идеялар жайлы жан-жақты әңгімеледі. Оқырмандар оған сұрақ қойып, кітаптың
терең тақырыптарына қатысты пікір алмасты.
Сонымен қатар оқырман клубының негізін қалаушы және жетекшісі, Перизат Мырзахмет өзінің сүйікті туындысы — қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік «Қарғын» романын толық талдап берді. Ол романның
құрылымы, кейіпкерлер әлемі, автор мақсаты және қазіргі оқырман үшін маңызын түсіндіріп, қатысушыларға жаңа қырларды ашты.
Оқырманның бұрын оқымаған немесе естімеген кітаптарымен жақынырақ танысып, авторлар мен спикерлердің ауызынан ең маңызды цитаталар мен идеяларды тікелей естуі кездесудің ең жағымды әсер сыйлаған тұсы дей аламыз. Сонымен бірге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын
қойып, ой бөлісе алды.
Кездесу барысында бұдан бөлек екі ерекше туынды талқыланды. Солардың бірі — Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» еңбегі. Бұл кітапты дәрігер, үш елде білім алған, Әйгерім Құсайынова өзінің сүйікті шығармасы ретінде таныстырды. Ол кітаптың рухани-адамгершілік мағынасына тоқталып, шығарманың бүгінгі қоғам үшін қаншалықты өзекті екенін түсіндірді.
Екінші талданған туынды — Дулат Исабековтың «Сүйекші» атты әңгімесі болды. Спикер кітап кейіпкерінің тағдырын, өмір жолын, мақсат-мұратын терең талдап, автордың негізгі ойын ашып берді. «Сүйекші» әңгімесі неліктен дәл осы финалмен аяқталатыны, кейіпкердің қандай ішкі түйсіктермен өмір сүргені сияқты сұрақтарға толыққанды жауаптар ұсынды.
“Qargyn” оқырман клубы — тек кітап талқылайтын орта ғана емес, оқырманның ой-өрісін кеңейтетін, пікір айтуға, тіпті келесі жолы өз кітабыңды сахнада қорғауға мүмкіндік беретін алаң. Осындай шығармашылық, жан-жақты диалогқа толы тағы бір әсерлі кездесу осылай өтті.



