Таңы күл шығарып, отын жарып от жағумен басталатын «Кирпичный» тұрғын алабының 255 — тен аса отбасы енді үйлерін жылыту туралы бас қатырмайтын болды. Жазда отын жинап, көмір түсіретін тұрғындардың үйлеріне газ кіріп, қуанып жатыр.
Астанада тұрса да жыл сайын жазда отын қорасын толтырудың қамын ойлап, қыстың тымық күндері далаға шықса көк түтінмен демалатын тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Байқоңыр ауданына қарасты «Кирпичный» алабын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін 17 шақырым құбыр тартылып, газ желісі салынған. Осы ауданға қарасты «Өндіріс» тұрғын алабында да газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл Тоқтаров, Өндіріс, Кемеңгерұлы көшелерінде орналасқан 300 үйге көгілдір отын кіреді. Ал қалған учаскелер келесі жылы толық газдандырылып, от жағу машақатынан құтылады.



