«Қайдасың, қазағым»: Шетелдегі қазақ тағдырын арқау еткен жаңа жобаның тұсаукесері өтті
Астанада дүние жүзінің әр қиырында ғұмыр кешіп жатқан қазақтардың тағдырын арқау еткен «Қайдасың қазағым» деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Бұл туынды — шеттегі қандастардың өмірі мен бүгінгі болмысын тереңнен танытуды мақсат еткен ауқымды жобаның алғашқы қадамы.
Жоба авторларының айтуынша, көрерменге шынайы картина ұсыну үшін түсірілім тобы бұған дейін бірнеше елді аралап үлгерген. Алда әлі талай сапар, талай тағдыр, талай оқиға күтіп тұр. Фильмнің алғашқы эпизоды қазақтың әйгілі спортшысы, кәсіби таэквандошы Мұстафа Өзтүрікке арналды. Жоба тобы Германияның Мюнхен қаласына арнайы барып, Мұстафаның отбасымен сұхбаттасып, бұрын айтылмаған сырларды таспаға түсіріп қайтқан.
Жабық көрсетілімге Мұстафаның қызы Неслихан Өзтүрік арнайы келді. Үш сағатқа созылатын деректі лентаның бір сағаттық нұсқасы ғана көрсетілгенімен, залда отырған жұрттың көңілін босатты. Неслихан ханымның өз әкесі туралы естеліктері мен жан тебірентер сәттері көрерменмен бірге көз жасын сығып алды. Бір сағат ішінде көпшілік жүрегіне сағыныштың да, мақтаныштың да сәулесі түскендей болды.
Жоба авторы Қайша Керей бұл еңбектің ар жағында жылдар бойы жүрегінде жүрген арман жатқанын айтады:
«Дүние жүзінің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қазақтардың тағдыры мені әркез қызықтыратын. Олар қайда жүр? Қалай өмір сүріп жатыр? Бәрін білгім келетін. Енді сол арманымды жүзеге асыратын уақыт келген сияқты. «Қайдасың қазағым» жобасы әлемді аралап, шетелдегі қандастардың өмірін баяндайды. Бұған көп қаржы, көп күш, көп уақыт керек. Бірақ не де болса тәуекелге бел будым», — дейді ол.
Кәсіпкер, жоба авторы Қайша Мүбәрәк өз сөзінде бұл істің тек шығармашылық емес, рухани жауапкершілік екенін атап өтті:
«Мен тауар сатып, жай ғана өз тірлігімді жасап отыра берсем де болар еді. Бірақ менің мақсатым — табан ет маңдай теріммен тапқан адал еңбегім арқылы халқымның рухына үлес қосу. Ешкімнен бір тиын сұрамай, ұлтымның игілігіне қызмет ету жүрегімнің қалауы. Бұл — менің халқым мен тарихыма деген махаббатым», — деді ол.
«Қайдасың қазағым» — тек деректі фильм емес, шетелдегі қазақтың жан дауысы, ұлт тамырының бүлкілі, алыстағы ағайынды жақындатуға бағытталған жүрекжарды жоба.
Автор: Жанерке Бейсетай
Фотограф: Баян Нұрбақ



