Sould out: Ернар Амандықтың жеке ән кеші өтті

Астанада жастардың сүйіктісіне айналған Ернар Амандықтың жеке концерті өтті. Қазақстанның 12 қаласын қамтыған үлкен турда жүрген әнші елордада да тыңдармандарын ерекше атмосфераға бөледі. Көптеген өңірлерде сұраныстың жоғары болуына байланысты Ернар қосымша екінші сеанс қойып келеді. Бұл оның өнеріне деген қызығушылықтың айқын дәлелі.
Елордадағы кеште Ернар тыңдармандар жүрегіне жол тапқан авторлық әндерін жанды дауыста, бэндтің сүйемелдеуімен орындады. Әншінің лирикалық эстрада жанрымен қатар, дәстүрлі бағыттағы шығармаларды да шырқауы көрерменді ерекше әсерге бөледі. Ол кеш барысында өзіне өнерде ұстаз болған Рамазан Стамғазиевтің мектебінен өткенін мақтанышпен айтып, шығармашылығының тамырын танытты.
Сахнаға Ернарды қолдауға келген достары Ерден Жақсыбеков пен Қобыланды Болат та шығып, кештің шырайын аша түсті.
Ернар Амандық 30 қараша және 1 желтоқсан күндері екі мыңнан астам көрермен сыйдыратын Конгресс залын солд аутпен жинады. Бұл әншінің танымалдығының, шығармашылығына деген шын ықыластың айқын көрінісі.



