ЕҰУ «Шаңырақ» студенттік театры «Халықтық театр» атағын иеленді
«Қайырымсыз қала» қойылымының премьерасы қалай өтті?

Күні кеше, 6 желтоқсан Еуразия ұлттық университетінің студенттік театры «Шаңырақ» өз тарихында алғаш рет «Қайырымсыз қала» атты жаңа қойылымын сахнаға шығарды. Бұл – театрдың жылсайынғы дәстүрлі үрдісін өзгерткен ерекше премьера.
Бұған дейін «Шаңырақ» театры жыл сайын қыркүйек-қазан айларында кастинг өткізіп, құрамға жаңадан қабылданған студенттер үшін алғашқы қойылым ретінде Абайдың шығармаларына негізделген «Желсіз түнде жарық ай» атты қойылымды сахналайтын. Бұл – театрдың көпжылдық қалыптасқан дәстүрі еді. Дайындық шамамен бір айға созылып, жаңа мүшелер өздерінің алғашқы рөлдерін дәл осы қойылым арқылы көрерменге таныстыратын. Спектакльде жас Абай, Тоғжан сынды кейіпкерлерді сомдап, театр ұжымы жыл сайын осы классикалық қойылыммен маусымды ашып келді.
Биыл бұл дәстүр жаңарып, Абайдың шығармашылық әлеміне сүйенгенімен, мүлде жаңа сюжетке құрылған «Қайырымсыз қала» атты қойылым дүниеге келді. Қойылымның режиссері — театр түлегі Бағдат Әшім. Ал авторлары – театрдың тәжірибелі, үлкен курс студенттері Құрал Нұрбол мен Нұралы Тілекші. Олар Абай шығармаларындағы түрлі ойлар мен үзінділерді біріктіріп, жаңа формадағы дара дүние жасап шыққан. Кейіпкерлердің костюмдері, сахна декорациясы, жарық, дыбыс, дауыс мәнері – барлығы да театр мүшелерінің кәсіби деңгейде атқарған еңбегінің нәтижесі ретінде жоғары бағаланды.
Қойылымның басты ерекшеліктерінің бірі – би элементтерінің көп болуы. Театр құрамындағы хореографияға жақын студент Амантай Нұрзаттың жетекшілігімен жаңа қойылымға арнайы би қойылып, спектакль ерекше пластикалық көңіл-күйде өтті. Сонымен қатар ән де шырқалды.
Биылғы премьераның ең үлкен жаңалығы – қойылымның Еуразия ұлттық университетінің «Дала сазы» дәстүрлі аспаптар оркестрімен бірге сахналануы. Оркестрдің бірінші курс студенттері мен тәжірибелі орындаушылары сахнаның артқы жағында тірі әуенмен сүйемелдеп, қойылымға табиғи дыбыс, ұлттық реңк, ерекше атмосфера берді.
Жалпы алғанда, жаңа қойылым көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды. Ең басты жаңалық, театр мүшелері мен басшылығы көптен күткен қуаныштардың бірі дәл осы кеште орын алды. «Шаңырақ» театры 2011 жылы құрылған, ал 2025 жылы 14 жылдық белесіне таяғанда студенттік деңгейден өсіп, «халықтық театр» атағын иеленді. Премьера кезінде дәл осы мәртебенің төсбелгісі театр құрамына салтанатты түрде табысталды. Бұл – театр тарихындағы үлкен әрі маңызды сәттердің бірі.
Жаңа қойылым алдағы уақытта да өміршеңдігін жоғалтпай, ұзақ уақыт бойы сахнада сақталады деген сенімдеміз.
Автор: Айжан Алхабек



