Астанада пиротехника бойынша қауіпсіздік күшейтілді

Астанада пиротехника бойынша қауіпсіздік күшейтілді: сертификатталмаған өнімдерге қарсы жедел іс-шара басталды
Астана қаласының Полиция департаменті Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 2025 жылдың 5 желтоқсанынан 2026 жылдың 3 қаңтарына дейін қала аумағында заңсыз айналымдағы және сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді анықтап, тәркілеуге бағытталған «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.
Аталған шара жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарға сұраныстың артуына байланысты қауіпсіздік талаптарын күшейту, жарамсыз және қауіпті өнімдердің саудаға шығуға жол бермеу мақсатында ұйымдастырылған.
Іс-шара барысында полиция және ТЖД қызметкерлері сауда орындарын, базарлар мен уақытша павильондарды тексеріп, заңсыз өнімдерді анықтауға бағытталған рейдтер жүргізуде.
Полиция департаменті қала тұрғындарына және кәсіпкерлерге ескертеді: пиротехникалық бұйымдарды контейнерлерден тыс, рұқсат қағазы мен арнайы лицензиясы жоқ тұлғалардың ашық павильондарда, автокөліктерде, шатырларда, қолма-қол сауда орындарында және жерасты өткелдерінде сатуға қатаң тыйым салынады.
Құқық қорғау органдары күмәнді сауда нүктелері туралы ақпаратты полицияның «102» нөміріне немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға шақырады.



