Мәдениет

Жыл қорытындысы: Үздіктер. Beu Fest бұрын болмаған жаңа деңгейде өтті

Астаналықтар жазғы фестиваль маусымын қатты сағынғаны анық. Соның дәлелі — кеше елорда тарихында алғаш рет қыстың қақ ортасында ауқымды фестивальдің өтуі. Бұл кеш 2025 жылдың қорытынды фестивалі ретінде ерекше сән-салтанатымен, мазмұнымен есте қалды.

Фестивальге танымал әншілер мен өнер жұлдыздары қатысып, халықтың сағынып қалған сүйікті әндерін орындады. Астанадағы «Барыс Арена» стадионы ине шаншар орын қалдырмай, лық толды десек, артық емес.

Биылғы фестивальдің басты тақырыбы — жасанды интеллектке негізделген ақылды болашақ болды. Сонымен қатар Қазақстанның ашық, жаңашыл мемлекет екені, бірақ өз тарихы мен рухани мұрасын ұмытпай, 70, 80, тіпті 100 жыл өтсе де мәнін жоғалтпайтын асыл қазынаны сақтап келе жатқаны айқын көрсетілді.

Кештің жүргізушілері — Еркебұлан Мырзабаев пен Марат Оралғазин, ал үшінші жүргізуші ретінде Beu деп аталатын жасанды интеллект сахнада жүргізушілермен интерактивті түрде «сөйлесіп», кешке тың серпін қосты.

Фестивальдің хедлайнерлері — 91 тобы мен ASXA PRINCE болды. Әсіресе 91 тобы сахнаны нағыз энергияға толтырды. Көптен күткен топты халық ерекше сағынып қалғаны байқалды — көрермендер әншілерді өздері сұрап, бірге қосылып шырқады. BELLUCCI, Yenlik сахнаға әдемі стильмен, зор энергиямен шығып, залды бірден баурап алды.
Ayau метал элементтері бар ерекше образда көрініп, сахнада еркелеп, көрерменмен еркін байланыс орнатты. Marhaba SABI әндерін залдағы жұртшылық хормен бірге орындады.
Ал ARO өз альтер-эгосынан бөлек, Арман Сейтжаппаров есімімен шығарып жүрген жаңа әндерін ұсынды. «Жан жарым», «Ұнайды жаным» сынды туындыларын гитарамен баяу, жылы атмосферада орындап, көрерменнің көңілін тербетті.

Beu Fest жоғары деңгейде ұйымдастырылды: сахна дизайны, жарық, дыбыс — барлығы сапалы. Голограмма элементтері қолданылып, ерекше визуалды эффектілер жасалды. Бір сәтте сахна ортасына жас күйші шықты. Алғашында бұл жай ғана күй орындау секілді көрінгенімен, кенет сахнада голограмма арқылы Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет сынды ұлы күйшілер бейнесі пайда болып, жас өнерпазбен бірге күй тартқандай әсер қалдырды. Бұл көрініс залдағы көрерменді ерекше толқытты. Сондай-ақ қазақ эстрадасының тарихындағы ең танымал, ең көп тыңдалатын әртістерінің бейнелері көрсетіліп, соңында барлығы «Асыл мұра» деген жазумен түйінделді. Бұл — өткен мен бүгінді, дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған терең мағыналы қойылым болды.

Кештің жарық шешімі, сахналық қозғалыс, визуал — бәрі үйлесімді, әсерлі. Әр сәтінде ұлттық рух сезіліп тұрды. Қысқасы, бұл фестиваль тек концерт қана емес, идеясы бар, жүрекке жететін, өте әдемі мәдени оқиға болды.

Автор: Айжан Алхабек

Басқа жаңалықтар

Back to top button