Мәдениет

«MTUZ-Fest»: театрының 5 жылдығына арналған алғашқы фестиваль

Музыкалық жас көрермен театрына мерейлі 5 жыл толды. Осыған орай өнер ордасында 15–22 желтоқсан аралығында «MTUZ-Fest» I театр қойылымдары фестивалі өтеді. Бұл театр тарихындағы алғашқы ауқымды фестиваль.

Фестиваль шымылдығы «Шәкәрім» қойылымымен түрілді. Қойылым көрерменге терең ой, рухани мазмұн ұсынып, театрдың шығармашылық бағыты мен көркемдік деңгейін көрсетті.

Осы орайда біз Музыкалық жас көрермен театрының директоры, жетекшісі әрі режиссері Асхат Маемировпен тілдесіп, фестивальдің маңызы, театрдың өткені мен болашағы жайында әңгімелестік.

– Асхат аға, театрдың 5 жылдығымен құттықтаймыз! Осы уақыт аралығында театр көрерменнің, әсіресе жастардың сүйікті мәдени ордасына айналды. Әрдайым аншлаг. Бүгінгі биіктен қарағанда, жетекші ретінде театрдың әлеуетін және шәкірттеріңіздің еңбегін қалай бағалайсыз?

– Расында, 5 жыл – аз уақыт, алты маусым. Бұл кезең өзімізді таныту, өзіне тән көркемдік ізденісі бар, шығармашылық келбеті қалыптасқан театр екенімізді көрсету басты мақсат болды. Осы бейнені сомдайтын қыздарға мен ұлдарға осы мақсат ұғындырылды. Елімізде басқа да ата театрлар бар ғой. Солардың ішінде бізді репертуарлық ұстанымдарымызбен, сахнадағы бейне сомдау әдістерімізбен тани білу керек. Біздің музыкалық болғандықтан, бұрын-соңды сахналанбаған дүниелерді музыкалық драмаға айналдырып шығаруымыз қажет.

Менің ойымша, кез келген жас актер мен актриса үшін Абайды, Тоғжанды, Шәкәрімді, Шәмшіні, Мұқағали ойнау – әрі арман, әрі үлкен жауапкершілік. Театр актерлерінің бір ерекшелігі – музыкалық театр болғандықтан бейне сомдап жүріп ән айтады, ән айтып жүріп би билейді, би билеп жүріп хор айту керек. Осы жауапкершілікті арқалап жүріп бейне сомдаған актерлерге көңілім тояды. Әрине, кей кездегі сын-пікірлер болса, оны да айтып отырамын.

– Театрдың мерейлі 5 жылдығын атап өтуде дәл фестиваль форматында ұйымдастыруды таңдауыңыздың астарында қандай идея мен мақсат жатыр?

– Мұның екі бағыты бар: әрі есеп беру, әрі мереке. Есеп беру тұрғысынан алғанда: қай жаққа бара жатырмыз, ізденістеріміз қандай деңгейде, театрдың көркемдік келбеті қай бағытта деген сұрақтарға жауап береміз. Екіншіден өзімізге де, көрерменге де мереке сыйлау. 

Фестивальге 20-ға жуық қойылым кірмей қалды. Олардың ішінде шәкірттерімнің де қойылымдары бар. Бұл көбіне режиссерлік емес, актерлік ізденістерді, бейне сомдаудағы әртістеріміздің шешімдерін зерделейтін сәт. Театртанушы Нартай Ескендіров, Бейбіт Әлікеева, Бақтияр Тұрсындар көптеген рецензия, сын мақалалар жазып жүрген сыншылар. Олармен де ой бөлісіп, келер жылдан бастап репетуарымызға қандай қойылымдар енгізе аламыз, қай жерімізде кемшіл тұстар бар – бәрін сараптап, ой түйетін фестиваль болса дейміз. 

– Музыкалық театрдың осыған дейін талай рет, тіпті 300 рет қойылған «Гауһартас» сынды, төл құжатына айналған қойылымдары бар. Фестиваль шымылдығының ашылуына неге дәл «Шәкәрім» қойылымының символикалық мағынасы неде?

– Бұл – ұлы тұлғаға, әрі Тәуелсіздік күні қарсаңында тарихымызға, ата-бабаларымызға деген тағзым іспетті. Кесекті туындымыз деп есептеймін.

– Фестиваль аясында көрерменге ұсынылатын 11 қойылым қандай шығармашылық әрі көркемдік өлшемдер негізінде іріктелді?

– 5 жылдың ішінде 32-ге жуық қойылым дүниеге келді. Соның 90 пайыздан астамы – музыкалық қойылымдар. Біріншіден, жанрлық сипаттары бір-біріне ұқсамаса, екіншіден көрермен ықыласына бөленген, театрдың төл құжатына айналған шығармаларды таңдадық. 

– «Көрерменсіз театр — театр емес» деген ұғым бар. Режиссер әрі жетекші ретінде бес жыл бұрынғы және бүгінгі көрерменнің өзгерісін қалай сипаттар едіңіз?

– 2020 жыл, пандемиядан кейін көрермендердің театрға деген құштарлығы, сүйіспеншілігі өзгерді. Оның себеп-салдарын дөп басып айту қиын. Бірінші кезекте, карантин кезеңі халыққа кәсіби театр өнерінің ішкі механизмдерін саралауға мүмкіндік бергендей болды. Себебі ол кезде адамдар тек теледидар, телефонға телмірліді. Ал театр – табиғи жанды өнер, тірі өнер. Сондықтан әрдайым аншлаг болып жатуы – табиғи, органикалық болмыстың әсері шығар. Карантин кезінде драмалық сипаттағы жағдайлар көп болып, талай адамнан айырылдық. Театр сол кездегі қараңғылық құрсауынан шығаратын алаңға айналды деп ойлаймын. Театрға келген бір-екі сағатта көрермен өз ішкі «менімен», ішкі эгосымен тілдесті.

Біздің күн тәртібінен түспейтін басты міндет – елдің рухани әлеуетін үлес қосу, рухани құндылықтарды дәріптей отыра, көрермендердің, әсіресе өскелең ұрпақтың ой-танымын биіктетіп отыру. Дұрыс айтасыз, Бертольт Брехтің «Көрерменсіз театр — нонсенс» деген сөзі бар. Көрермендермен бірге біз де өсеміз. Өрелі көрермен театрды да биіктетеді.

– Осы бесжылдықты шағын белес деп қабылдай отырып, өз шығармашылығыңызға және театрдың бүгінгі жолына қандай ішкі баға берер едіңіз?

– «Тоқ мейлісі – өнердің қас жауы». Мен ондай адамдардың қатарынан емеспін. Театр өнерінің көркемдік көкжиегін тануда әлі де алға жылжи түскіміз келеді. Әттеген-ай деген тұстар да бар: театрдың жарық, дыбыс, техникалық тұстары көңіл көншітпейді. Болашақта әдемі жарық шешімдерін әкеліп, голограммалық сценографиялық, цифрлық жетістіктерді қолдансақ деген ой бар. Біз ізденіс талабын одан да күшейте түсеміз. Өзімнен де, әріптестерімнен де талап ететінім сол — бәсекеге қабілетті, үлкен шығармашылық ордасын қалыптастыру. Ізденістеріміз көп болсын!

Мазмұнды сұхбат үшін алғыс білдіреміз. Театр жолыңыз әрдайым көрермен ықыласына бөленіп, жаңа көзқарастармен жалғаса берсін!

«MTUZ-Fest» фестивалі – Музыкалық жас көрермен театрының шығармашылық жетістіктерін саралап, жаңа белестерге жол ашатын маңызды мәдени оқиға. Бір аптаға созылатын фестиваль аясында көрермен түрлі жанрдағы қойылымдарды тамашалап, заманауи театр өнерінің тынысын сезіне алады.

Музыкалық жас көрермен театры үшін бұл фестиваль – өткенге есеп, бүгінге баға, болашаққа нық қадам.

Автор: Жанерке Бейсетай

Басқа жаңалықтар

Back to top button