«Қарабауыр қасқалдақ»: Желтоқсанның үнсіз жоқтауы
«Қарабауыр қасқалдақ» әні – Желтоқсан оқиғасынан кейін бір жыл өткенде дүниеге келген шығарма. Белгілі бір тарихи кезеңмен тамырлас туындылар халық жадында ұзақ сақталады. Өнер, туындылар адамдардың жанын емдей отыра, өз қызметін атқаратындай.
Әннің сөзін ақын Есенғали Раушанов жазды. Сазгер Лесбек Аманов өлеңді алғаш оқығанда оның астарын бірден аңғарған. Қасқалдақ – елдің өз адамы, өз көліне үйренген құс. Ал қаңғып келген шүрегей – бөтен. Бұл теңеу арқылы ақын Қонаев пен Колбин дәуірінің алмасуын ишарамен жеткізген. Осылайша, 1987 жылдың 18 желтоқсанында дүниеге келген, терапиялық ән сынды.
Желтоқсан оқиғасының өзегі де осы еді: әділетсіз шешім, ұлттық намыстың аяққа тапталуы. Әнде ашық ұран жоқ. Бірақ «қайда ұштың?» деген сұрақ сол кезеңдегі ең ауыр сауал. Кім кетті? Не жоғалды? Қайта оралу мүмкін бе?
Шығарма көп ұзамай биліктің күдігіне ілінді. Ақынды жауапқа шақырғанда, Есенғали Раушанов бұл өлеңді Арал тағдыры туралы экологиялық туынды деп түсіндіріп, жағдайдан сытылып шықты. Ән солай аман қалды.
Ал оның шын мағынасы бірден ашыла қойған жоқ. Әуені бөлек болғандықтан, жастар әнді тойларда да айтып жүрді. Тек уақыт өте келе «Қарабауыр қасқалдақтың» Желтоқсан құрбандарына арналған рухани жоқтау екені анық айтыла бастады. Бүгінде бұл ән 16 желтоқсан қарсаңында жиі шырқалады.
1991 жылы Дінмұхаммед Қонаев Түркістандаға зиярат еткен сапарында композитор Лесбек Аманов жүздесті. Бұл әнде айтылған ишара мен тарихи тұлғаның үнсіз түйіскен сәті еді.
Ал авторлар – ақын мен сазгер бір-бірімен бес жылдан соң, тек 1993 жылы ғана кездесті.
Бұл әнде аумалы-төкпелі тарихи кезеңде басынан кешкен өкініші, мұңы, қайғысы бар. «Қарабауыр қасқалдақ» астармен жеткізген, уақыт өтсе тек актуалды бола түсетін Желтоқсанның жоқтауы.
Автор: Жанерке Бейсетай



