Астанада пәтерлердің электр шығынын автоматты түрде есептейтін аспаптар іске қосылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысы Жандос Салимов елорданың көпқабатты үйлеріне электр тұтыну көрсеткіштерін автоматты түрде жолдайтын аспаптар орнатылатынын айтты.
«Астана РЭК» акционерлік қоғамы 2027-29 жылдары көпқабатты үйлерді электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қосудың жобасын жоспарлап отыр. Ол жобаның аясында көпқабатты тұрғын үйлерге 299 466 автоматты есептеу аспабын орнату көзделген. Жобаның құны – 39, 8 млрд теңге. Бұл жобаның құжаттары да электронды платформада тексеруден өтіп жатыр, — деді департамент басшысы.
Бұл аспаптар пәтер иелерін электр есептегіш көрсеткіштерін ай сайын қолмен тапсырудан толық босатады. Жүйе тұтынылған электр көлемін автоматты түрде қызмет көрсетуші ұйымға жібереді, төлем нақты тұтыну бойынша есептеледі. Бұл қате есептеу мен даулы жағдайларды азайтады, электр тұтынуын бақылауға мүмкіндік береді.



