Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулығы мен спорттық әдеттері туралы айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында өзінің денсаулық жағдайы мен күнделікті спорттық әдеттері туралы айтты.

Президенттің сөзінше, қазіргі уақытта денсаулығына қатысты ешқандай шағымы жоқ.

— Денсаулығым жақсы, қан қысымым тұрақты түрде қалыпты деңгейде. Күн сайын йогамен айналысамын, бірақ медитациясыз. Аптасына екі рет бұрын кәсіби деңгейде ойнаған спортшымен үстел теннисін ойнаймын. Соңғы уақытта тоғыз келі салмақ тастадым, бұл өзімді әлдеқайда жақсы сезінуге әсер етті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысынан ТМД елдері басшыларының спортқа бейімділігі жайында да сұралды. Президент әріптестерінің көпшілігі белсенді өмір салтын ұстанатынын атап өтті.

— Жақында Бішкекте өткен бейресми кездесуде Владимир Путин жас дзюдошымен белдесіп, аға буынның абыройын қорғады. Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев те физикалық тұрғыдан мықты, тұрақты түрде жаттығады. Садыр Жапаров футбол ойнайды. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев спорт залында жаттығатынын жасырмайды. Армения Премьер-министрі Никол Пашинян — велосипед әуесқойы. Беларусь Президенті Александр Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да денсаулығына шағымданбайды, оның әскери-теңізшіге тән шынығуы бар. Жалпы, әріптестерімнің бәрі жақсы формада, — деді Президент.

Айта кетейік, «Turkistan» газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басылымның бас редакторы Бауыржан Бабажанұлымен жүргізген ауқымды сұхбаты жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы елдің ішкі және сыртқы саясаты, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен өзге де өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button