Астанадағы Сот әкімшілігі қызметкерлері құмар ойындарға қатысу бойынша тексерілуде

Астана қаласының Сот әкімшілігінде қызметкерлердің құмар ойындарға қатысу-қатыспауы тексеріліп жатыр. Бұл туралы елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында департамент басшысы Елдос Жұмақсанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ведомствода мемлекеттік қызметшілерге заңмен тыйым салынған құмар ойындарға қатысу фактілерін анықтау мақсатында тұрақты түрде тексерулер жүргізіледі. Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тіпті жұмыстан босатуға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.
Елдос Жұмақсанов сондай-ақ 2025 жылғы 1 шілдеден бастап департаментке жұмысқа қабылдау талаптары күшейтілгенін атап өтті. Қызметке орналасуға үміткерлер төрт кезеңнен тұратын іріктеу рәсімінен өтеді. Алғашқы үш кезең Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арқылы жүргізіліп, департаменттен тыс, шифрланған форматта өтеді. Тек төртінші кезеңде ғана үміткерлермен әңгімелесу өткізіледі.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарға телефон және онлайн алаяқтық деректерінің көбеюі туралы ескертіп, қаскөйлердің ведомство атын жиі пайдаланатынын хабарлаған болатын.



