Қоғам

Астанада үлестік құрылыс талаптарын бұзған ондаған компания жауапқа тартылды

Астана қаласында үлестік тұрғын үй құрылысы саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы» заң талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда.

2025 жылдың басынан бері жүргізілген қадағалау шараларының нәтижесінде салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді заңсыз сату фактілері анықталды. Жіберілген заңбұзушылықтар үшін 61 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 49 млн теңге айыппұл салынды.

Әкімшілік ықпал ету шараларымен қатар, прокуратура үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуға бағытталған алаяқтық схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты қылмыстық қудалау бастады. Тергеу қорытындысы бойынша 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың мүлкі тәркіленді.

Қадағалау қызметінің маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Соттар прокуратураның 900-ден астам үлескердің мүддесін қорғау мақсатында берген 10 талабын қанағаттандырды. Нәтижесінде олардың пайдасына 11 млрд теңгеден астам қаражат өндіріліп, сондай-ақ 4 жер учаскесі қайтарылды.

Астана қаласының прокуратурасы тұрғындарды салынып жатқан тұрғын үйден баспана сатып алу кезінде ерекше сақ болуға шақырады. Ведомствоның хабарлауынша, заңнамаға сәйкес салынып жатқан тұрғын үйлерді сату барысында брондау, инвестициялау, алдын ала сатып алу-сату шарттары сияқты кез келген алдын ала келісімдер жасауға тыйым салынған. Сонымен қатар үлестік құрылыс аясындағы барлық мәмілелер тек қолма-қол ақшасыз түрде жүзеге асырылуы тиіс.

Айта кетейік, елордада әлеуметтік осал топтарға арналған 170 пәтерді заңсыз иемдену дерегі бойынша да тергеу басталып, келтірілген залал көлемі 2,3 млрд теңгеден асқаны хабарланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button