Қоғам
Астанада екінші ауысымдағы бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшірілді
Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымда оқитын 0–4 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 12 қаңтарда ауа райының күрт нашарлауына байланысты бастауыш сыныптың екінші ауысымындағы оқушылар сабақтарын онлайн форматта оқиды.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада дауылды ескерту жарияланған болатын. 12 қаңтарға қараған түні елордада қатты қар жауып, боран соғып, көктайғақ қалыптасты. Сондай-ақ батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуде.



