Мемлекеттік емес БАҚ үшін қысқа мерзімді гранттар конкурсы жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына арналған қысқа мерзімді гранттар конкурсының өткізілетіні туралы хабарлады. Конкурсқа мемлекеттік емес мерзімді баспасөз басылымдары (газеттер мен журналдар), интернет-ресурстар, сондай-ақ теле- және радиоарналар қатыса алады.
Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдері бар жабық конверттер 2026 жылғы 23 қаңтар сағат 17:00-ге дейін Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, 14-кіреберіс мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңсесінде қабылданады. Ал өтінімдері бар конверттерді ашу рәсімі 2026 жылғы 26 қаңтар күні сағат 11:00-де осы ғимараттың 14-кіреберісіндегі 587-кабинетте өтеді.
Үміткерлер өтінімді беттері нөмірленіп, тігілген, соңғы беті үміткердің қолымен және мөрімен (бар болған жағдайда) расталған түрде ұсынуы тиіс. Құжаттар ашылғанға дейін өтінім мазмұнымен танысуға мүмкіндік бермейтіндей етіп мөрленген жабық конвертке салынуы қажет. Конверттің беткі жағында үміткердің толық атауы мен пошталық мекенжайы, ұйымдастырушының толық атауы мен пошталық мекенжайы, конкурстың атауы, сондай-ақ «(субъектінің атауын көрсету) АРАСЫНДА (конкурстың атауын көрсету) КОНКУРСҚА» және «2026 жылғы 26 қаңтар сағат 11:00-ДЕЙІН АШПАҢЫЗ» деген белгі міндетті түрде көрсетілуі керек.
Министрлік конкурсқа қатысушыларға тақырыптық бағыттарды таңдауда құжаттарда көрсетілген нөмірлер мен бағыттарға мұқият назар аударуды ескертеді. Белгіленген қабылдау мерзімі өткеннен кейін тапсырылған өтінімдер Республикалық комиссияның қарауына қабылданбайды.



