
Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған стратегиялық маңызды нысан – Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығының (ИАҰҒО) салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Жаңа орталық COVID-19 пандемиясы кезеңінде анықталған түйткілдерге талдау жасай отырып, елдің денсаулық сақтау жүйесінің дайындық деңгейін арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және білікті кадрлар даярлау мақсатында бой көтерді. 350 төсек-орынға арналған заманауи мекеме жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен туберкулезбен ауыратын 2,5 мыңға жуық науқасқа емдеу және диагностикалық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Аида Балаева орталықтың маңызын атап өтті:
«Бұл орталық Президент тапсырмасымен ұлт денсаулығын нығайту және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында салынды. Мұнда ғылыми зерттеу, озық технология мен болашақ мамандарды даярлау бір жүйеге біріктірілген. Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және отандық медициналық ғылымды дамытуға зор үлес қосады деп сенемін», – деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде тек денсаулық сақтау саласы ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылымның да қарқынды дамып жатқанын айтты. Соңғы екі жылда Қазақстанда 695 жаңа медициналық нысан, 614 мың орынға арналған 419 мектеп салынған. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 237 спорт нысаны пайдалануға беріліп, 2025 жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы аяқталған.
Іс-шара аясында қонақтарға ИАҰҒО бөлімшелері таныстырылып, орталықтың инфрақұрылымы мен заманауи медициналық жабдықтары көрсетілді. Сондай-ақ мекеме ұжымымен кездесу өтті.
Айта кетейік, Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы қысқа мерзімде салынған және клиникалық көмек көрсету, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, білім беру, цифрлық технологияларды пайдалану бағыттарын қамтиды. Орталықта балалар мен жүкті әйелдерге де медициналық көмек көрсетіледі. Төтенше жағдайлар кезінде төсек-орын саны 500-ге дейін ұлғайтылуы мүмкін.
ИАҰҒО диагностика мен емдеуден бастап, инфекциялық және паразиттік ауруларға, оның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлеріне қатысты күрделі зертханалық зерттеулер жүргізе алатын толыққанды медициналық әрі ғылыми мекеме ретінде елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды орталыққа айналмақ.



