Астанада балалар саны жарты миллионға жетіп қалды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астана қаласының халқы 1,6 миллионнан асты. Оның ішінде балалардың үлесі айтарлықтай. Қазіргі таңда елордада 470 мыңнан астам бала тұрады.
2024–2025 оқу жылында Астанадағы 187 жалпы білім беретін мектепте 282 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың ішінде 31 мыңға жуық бала – бірінші сыныпта оқып жатыр. Бұл көрсеткіш қаладағы мектеп жасындағы балалар санының тұрақты өсіп отырғанын аңғартады.
Оқушылар санының көбеюіне байланысты білім беру инфрақұрылымын кеңейту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта Астана қаласы әкімдігі 2026 жылы 13 жаңа мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Ал өткен жылы елордада 24 жаңа мектеп пайдалануға берілді, бұл үш ауысымды мектептер мәселесін азайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Елордада мектепке дейінгі жастағы балалар саны да аз емес. Қазіргі таңда 70 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаларға барып жүр. Алайда сұраныс толық қамтамасыз етілген деп айтуға әлі ерте. Себебі, әлі 30 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр.
Осы мәселені шешу мақсатында биыл Астанада 5 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Бұл қадам мектепке дейінгі білім беру саласындағы қолжетімділікті арттырып, ата-аналар үшін үлкен қолдау болмақ.
Жалпы, Астана – демографиялық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан қала. Балалар санының артуы, жаңа мектептер мен балабақшалардың салынуы елорданың болашағына салынған инвестиция деуге болады. Алдағы жылдары да бас қалада білім беру мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.



