Экономика

Биыл пәтер сатып алуға арналған ипотекалық бағдарламалар

2026 жылы Қазақстан азаматтарына тұрғын үй алуға көмектесетін бірқатар ипотекалық бағдарлама өз жұмысын жалғастырады.

«Наурыз» бағдарламасы

«Наурыз» бағдарламасы тағы алты жыл, яғни кемінде 2031 жылға дейін жұмыс істейді. Жоспар бойынша биылғы өтінімдерді «Отбасы банк» көктемде қабылдай бастайды.

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлеме 9% (әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандар үшін 7%);
  • бастапқы жарна: пәтер таза әрлеумен болса 10%, әрлесіз 20%;
  • қарыздың ең жоғары сомасы: Астана мен Алматыда 36 миллион теңге, басқа өңірлерде 30 миллион теңге;
  • несие мерзімі 19 жылға дейін.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы да алдағы алты жыл жұмыс істейді. Шарттары «Наурыз» ипотекасымен бірдей. Алайда, бір айырмашылық бар. Бұл бағдарлама өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстары салаларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған.

«7-20-25» бағдарламасы

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы 2026 жылы да жалғасады.

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлеме 7%;
  • бастапқы жарна 20%-дан бастап;
  • несие мерзімі 25 жылға дейін;
  • қарыздың ең жоғары сомасы:
    — Астана, Алматы және қала маңында, сонымен қатар Ақтау, Атырау, Шымкентте 30 миллион теңгеге дейін;
    — Қарағандыда 25 миллион теңгеге дейін;
    — басқа өңірлерде 20 миллион теңгеге дейін;
  • биыл несие сомалары ұлғайтылды.

Әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы

2026 жылы «Ұмай» бағдарламасына да қаржы бөлінеді деп жоспарланды. Дегенмен, әзірше лимит пен өтінім қабылдау күніне қатысты нақты ақпарат жоқ.

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлеме 14,4%, кейін 3,5-5%-ға дейін төмендейді;
  • бастапқы жарна 15–20%;
  • қарыздың ең жоғары сомасы 50 миллион теңге;
  • ипотека мерзімі 25 жылға дейін.

«Жасыл ипотека» бағдарламасы

«Жасыл ипотека» — Отбасы банктің энергия үнемдейтін әрі экологиялық таза тұрғын үй сатып алуға арналған бағдарламасы. LEED (Leadership in Energy and Environmental Design), BREEAM (Building Research Establishment Environmental Assessment Method), РФҰС (Ресей Федерациясының ұлттық стандарты) немесе OMIR (Operational Monitoring and Indoor Rating) сертификаты бар тұрғын үй кешендері «жасыл» деп саналады.

2025 жылы «Жасыл ипотека» бағдарламасы бойынша 14,7 миллиард теңгеге 570 несие рәсімделген. 2026 жылы да несие беру жалғасады. Ең бастысы талапқа сай «жасыл» тұрғын үй кешенін табу. Олардың тізімі Отбасы банкінің сайтында жарияланды.

Шарттары:

  • Қарыздың ең жоғары сомасы 50 миллион теңге;
  • бастапқы жарна 20%-дан бастап (тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін 15%-дан);
  •  жылдық пайыз мөлшерлемеcі 12,5%;
  • қарыз сомасының 50%-ы жинақталғаннан кейін жылдық мөлшерлеме 3,5–5%-ға дейін төмендейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button