Астанада Нәзір Төреқұлұлының ғұмырнамасына арналған мұражай ашылады

2026 жылғы 24 қаңтарда Астана қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлының ғұмыр жолына арналған мұражайдың салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Осы маңызды оқиғаға орай «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты салтанатты жиын ұйымдастырылады.
Аталған іс-шараға бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметкерлері, нәзіртанушы ғалымдар, Нәзір Төреқұлұлының ұрпақтары мен ағайындары, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.
Салтанатты жиын аясында Нәзір Төреқұлұлы атындағы музейдің ресми тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар тұлғаның өмірі мен қызмет жолына арналған «Нәзір Төреқұлұлы жолы» атты деректі фильм алғаш рет көрермен назарына ұсынылады. Ел көлеміндегі Нәзір Төреқұлов атындағы мектептердің делегаттары бас қосып, тұлғаның мұрасын дәріптеуге арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырылады.
Іс-шара барысында «Н.Төреқұлов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші» тақырыбында ғылыми конференция өтіп, оның материалдары жинақ кітап ретінде жарық көреді. Сондай-ақ Нәзір Төреқұлұлы атындағы қаржылық стипендиялар үздік оқушылар мен студенттерге табысталады. Бұдан бөлек, Түркістандағы Нәзір Төреқұлов музейінің «Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұлов» атты көшпелі көрмесі астаналықтарға ұсынылады. Жиын Нәзір Төреқұлұлының рухына бағышталған ас беру мен Құран бағыштаумен түйінделеді.
Ауқымды іс-шараны «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қоры, Астана қаласы әкімдігінің «Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі», «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы, сондай-ақ тұлғаның ағайын-туыстары мен жерлестері бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Салтанатты жиын 2026 жылғы 24 қаңтарда, сенбі күні сағат 10:00-де Астана қаласындағы Абай даңғылы, 9/1 мекенжайында орналасқан «Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінде» өтеді. Ас беру «Мирас» мейрамханасының банкет залында (Қараменді би Шақаұлы көшесі, 2) ұйымдастырылады.



