Цифрлық фермер: «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылды

Ауыл шаруашылығы саласы цифрлық кезеңге қадам басты. Мал иелеріне арналған «TortTulik» мобильді қосымшасы фермерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге бағытталды. Жобаны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Агроөнеркәсіп экономикалық саясатты талдау орталығы бірлесіп әзірлеген.
Қосымша көмегімен мал басын түгендеп, деректерді жүйеде өзектендіруге болады. Бұл ветеринар мамандарға алдын алу шараларын уақытылы және толық жүргізуге мүмкіндік береді.
«TortTulik» арқылы фермерлер:
– ветеринарлық паспорт ала алады;
– малды сатып алу-сату келісімін онлайн рәсімдейді;
– жеке тұтыну үшін сойылған малды есептен шығарады.
– деректерді түзетуге өтінім беру мүмкіндігі бар.
Қосымша Android және iOS жүйелерінде қолжетімді.
Бұдан бөлек, платформа салалық жаңалықтар мен пайдалы ақпаратты ұсынатын ақпараттық хаб ретінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде «TortTulik» еліміздің түкпір-түкпіріндегі мал иелері арасында кең қолданысқа еніп, ауыл шаруашылығын цифрландырудың тиімді құралына айналып отыр.



