Фортепиано кеші: қос шебер — бір сахна
Астанада Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің ұйымдастыруымен фортепианолық музыкаға арналған тағылымды кеш өтті. Классикалық өнерді бағалайтын көрермен үшін бұл кеш нағыз рухани мерекеге айналды.

Сахнада заманауи фортепиано өнерінің көрнекті өкілдері — Ресейдің халық әртісі, Башқұртстан Республикасының халық әртісі Владимир Овчинников пен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Юрий Богданов өнер көрсетті. Әлемнің жетекші концерт залдарында талай жылдар бойы шыңдалған музыканттардың орындауындағы шығармалар көрерменге терең әсер қалдырды.
Владимир Овчинниковтың классикалық және романтикалық репертуарды нәзік сезіммен, терең философиялық пайыммен жеткізуі тыңдарманды бірден баураса, Юрий Богдановтың орындауындағы шығармалар айқын темпераментімен, стильдік еркіндігімен және авторлық ойға адалдығымен ерекшеленді.
Кеш барысында орындалған туындылар классикалық музыканың уақыт пен кеңістіктен тыс құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жиналған қауым әрбір орындауды зор ықыласпен қабылдап, концерт соңында музыканттарды ұзақ қол соғумен шығарып салды.
Бұл фортепианолық кеш Астананың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде есте қалды.



