«Бәйтерек»: Қазақстанның ғарыштағы жаңа қадамы

Қазақстан ғарыш саласын жүйелі түрде жаңғыртып, технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ірі жобаларды іске асырып келеді. Соның бірі – пилотсыз ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған жаңа буындағы орта сыныпты зымыран негізінде «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасы.
Аталған бастама 2025–2027 жылдарға арналған жоспарлы кезеңде жүзеге асырылады. Жобаның әкімшісі – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. Негізгі мақсат – аэроғарыш өнеркәсібін дамыту, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және еліміздің ғарыштық әлеуетін күшейту.
Жоба аясында қолданыстағы «Зенит–М» ғарыш зымыран кешені жаңғыртылып, ұшқышсыз ғарыш бағдарламаларын орындауға бейімделеді. Бұл өз кезегінде заманауи ғарыштық аппараттарды ұшыру мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанды ғарыштық технологиялар нарығында жаңа деңгейге шығарады.
Жоба халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы өзара тиімді әріптестіктің үлгісін қалыптастырады. Сонымен қатар, отандық аэроғарыш саласының инфрақұрылымын жаңарту мен кадрлық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Жоспар бойынша кешеннің дайындық деңгейі 2025 жылы – 89,6%, 2026 жылы – 91,5%, ал 2027 жылы – 92,3% көрсеткішіне жетуі тиіс.
«Бәйтерек» – Қазақстанның ғарыш кеңістігіндегі жаңа белесі, ғылым мен инновацияға салынған стратегиялық инвестиция.



