Мәдениет

660 шебер тіккен құрақ көрпе әлемдік рекордтар кітабына енді

Қазақстандық қолөнершілер әлемдегі ең үлкен құрақ көрпені тігіп, Global Book of Records (GBR) әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде енді.

Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген алып көрпе қазақтың дәстүрлі қолөнерін халықаралық деңгейде танытуды мақсат еткен «Аламан құрақ» жобасы аясында жасалды. Рекордты тіркеу және марапаттау рәсімі Астанадағы Достық үйінде өтті. Құрақ көрпешілерге арнайы сертификаттар мен медальдар табысталды.

Жоба авторы Нұргүл Абайханның айтуынша, еліміздің әр өңірінен жиналған 660 шебер бірегей еңбек арқылы әлемдік рекордқа қол жеткізді. Қатысушылардың төртеуі – ер адам. Солардың бірі, 91 жастағы ақсақал Сапарбай Қабжанов шарада ақ батасын берді.

Айта кетейік, қолөнершілер бұған дейін де бірнеше мәрте рекорд орнатқан. 2023 жылы Қазақстан рекордтар кітабына енсе, 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өнер көрсетті. Ал 2025 жылы Алматыдағы Медеу мұзайдынында өткен іс-шарада әлемдік рекорд жаңартылды.

Биыл құрақ көрпешілер Өскемен қаласында өтетін шарада мың адам болып бас қоспақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button