Астаналық оқушылар қолдан инкубатор жасап, балапан шығарды
№111 жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушылары Перизат Кеңесбек пен Айжан Жасан «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Smart Bala» жобасы аясында инкубатор құрастырып, алғашқы балапандарды жарыққа шығарды.
Жас зерттеушілерге бұл жолда жетекшілері Алтынай Жолбасова мен Айнұр Кошкарова бағыт-бағдар берген. Инкубация – жай ғана құрылғыны қосып қою емес. Бұл – дәлдік, сабыр және күнделікті бақылауды талап ететін жауапты жұмыс. Бір айға жуық уақыт бойы оқушылар инкубатор ішіндегі әр өзгерісті қалт жібермей бақылап, температура мен ылғалдылықты күн сайын тексеріп отырды. Жұмыртқалардың даму кезеңдері арнайы белгіленіп, әрбір сәт мұқият тіркелді.
Көптен күткен сәт 2026 жылдың 26 қаңтарында келді. Жұмыртқа қабығы жарылып, алғашқы балапандар жарыққа шыққан сәтте жас зерттеушілердің қуанышында шек болмады. Өз қолдарымен жасаған құрылғының жұмыс істеп, тіршіліктің пайда болғанын көру – олар үшін теориядан әлдеқайда әсерлі ғылыми тәжірибе болды.
Бұл жоба барысында оқушылар инкубатордың қалай жұмыс істейтінін ғана емес, тіршілік атаулының қаншалықты нәзік екенін де түсінді. Олар температура мен ылғалдылықтың маңызын тәжірибе арқылы көріп, жұмыртқаның даму кезеңдерін зерттеді, бақылау жүргізудің жауапкершілігін сезінді. Ең бастысы – мектеп қабырғасында алған білімнің нақты өмірде қалай іске асатынын аңғарды.
Осындай жобалар балалардың ғылымға деген қызығушылығын оятып қана қоймай, ізденуге, еңбектенуге және нәтижеге жетуге үйретеді. Ал Перизат пен Айжанның жетістігі – үлкен жаңалықтар кейде мектеп зертханасынан басталатынын дәлелдейтін жарқын мысал.



