Қыстағы қамқорлық: Үркерде қарттарға көмек көрсетілді

«Таза Қазақстан» экоакциясы мен «Қысқы игі істер» акциясы аясында елорданың Үркер тұрғын алабында қарт адамдардың аулаларын қар мен мұздан тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Игі іске Нұра ауданы әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері атсалысты. Акция барысында қыс мезгілінде ауласын тазалауға қиналатын қарт тұрғындарға нақты көмек көрсетілді. Волонтерлер аула аумақтарын, жаяу жүргіншілер жолдарын және үйлерге кіреберістерді қардан аршып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалуына жағдай жасады.
Нұра ауданы әкімдігінің өкілі Руслан Сабитовтың айтуынша, мұндай бастамалардың басты мақсаты – қарттарға қолдау көрсету және қоғамда өзара көмектесу мәдениетін қалыптастыру.
– Бұл акциялар тек тұрмыстық мәселені шешіп қана қоймай, аға буынға құрмет көрсетуге және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға сеп болады, – деді ол.
Үркер тұрғын алабының тұрғындары да көрсетілген көмекке ризашылықтарын білдірді.
– Жастар бірнеше жылдан бері бізге тұрақты түрде көмектесіп келеді. Қыста қар күреу біз үшін өте қиын. Сондықтан мұндай қолдау бізге аса қажет. Барша көмектескен азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді аудан тұрғыны.



