«Ғашықпын саған» — Qaitadan фильмін түсірген шығармашылық топтың жаңа мелодрамасы
5 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында режиссер Думан Еркімбектің және продюсер Жалын Тілеубергеннің жаңа туындысы — «Ғашықпын саған» фильмі прокатқа шықты. Бұл — мегаполис өміріндегі махаббат, таңдау және сезімнің адам өміріндегі орны туралы сыр шертетін заманауи мелодрама.
Фильмнің басты кейіпкері — Еңлік, оқу үшін Алматыға келген студент қыз. Отбасына көмектесу мақсатында ол өз арманынан бас тартып, жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Күтпеген оқиғадан кейін университеттен шығарылып, бұл шындықты анасынан жасырады. Сол түні Еңлік Арманмен танысады — музыка жолын таңдаған жас жігіт. Бірге жұмыс істей жүріп, екеуінің достығы біртіндеп махаббатқа ұласады. Алайда үлкен қала олардың арманы мен сезімін сынаққа салып, тағдырлы таңдау жасауға итермелейді.
Басты рөлдерді қазақстандық киноның жас жұлдыздары Шұғыла Ешен мен Жасұлан Көпберген сомдайды. Олар бұған дейін де өткен жылғы хит Qaitadan фильмінде бірге түскен. Айта кетейік, Шұғыла Ешен «SHEKER. Соңғы мүмкіндік» фильмі үшін «Сыншылар таңдауы — 2025» сыйлығын «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша иеленген.
Екінші пландағы рөлдерде танымал актерлер Әбілмансұр Серіков, Сағызбай Қарабалин, Аделина Ералиева, Ерболат Тоғызақов ойнайды.
— Бұл фильмнің идеясы бізге жұбайым екеумізге жеті жыл бұрын келген еді. Қазақстанда кино қарқынды дамып жатқанымен, махаббат туралы фильмдер әлі де аз. «Ғашықпын саған» — тек біздің оқиғамыз емес, бұл Алматыда танысып, махаббат тапқан миллиондаған жастар мен жұптардың хикаясы, — дейді режиссер Думан Еркімбек.
Продюсер Жалын Тілеубергеннің айтуынша, фильмде қаланың атмосферасы мен визуалдық бейнесіне ерекше мән берілген. Тіпті жоба бастапқыда «Біз білмейтін Алматы көшелері» деген жұмыс атаумен жоспарланған. Еске сала кетейік, режиссер мен продюсердің алдыңғы бірлескен еңбегі — Qaitadan фильмі — 2025 жылғы ең табысты прокаттардың біріне айналып, 1 миллиард теңгеден астам кассалық табыс жинаған.
Фильмде музыка да айрықша рөл атқарады. Композиторлар — Олжас Дәлелхан («Нурикамал») және Сұлтан Тұрсынбеков («Болмаған балалық шақ»). Сондай-ақ картинада ARShAT орындауындағы жастар арасында кең танымал «Қатыгездеу Алматы» әні және dudeontheguitar-мен бірлесіп жазылған тректер, соның ішінде Gashyqpyn sagan композициясы шырқалады.
«Ғашықпын саған» — Qaitadan авторларынан жаңа мелодрама — бүгін прокатқа шықты.
Фильм көрерменге өте әсерлі эмоция сыйлады: алғашқы көрсетілімнен кейін кинозалдан шыққан көрермендердің шамамен 90%-ы көз жасын тыя алмады. Бұл — жүрекке тікелей әсер ететін, шынайы сезімдерге толы туынды.



