Руханият орталығында тіл тазалығына арналған ашық сабақ өтті
Елордада «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында мемлекеттік тіл мәдениеті мен тазалығына арналған ашық сабақ ұйымдастырылды.

Астанада Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығында «Тіл тазалығы – ой тазалығы» тақырыбында ашық сабақ өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ашық сабақтың негізгі мақсаты — ана тілінің тазалығын сақтау, сауатты сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және қоғамда мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті арттыру. Сабақты «Руханият» орталығының оқытушысы Айжан Құдайбергенқызы жүргізді.
Іс-шара барысында орталық басшысы Арман Шеризат сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мазмұнына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама тек сыртқы тазалықпен шектелмей, ең алдымен адамның ішкі мәдениетінен, отбасынан және тілінен басталатын рухани құндылықтарды қамтиды.
Сондай-ақ «Руханият» оқу орталығы 2018 жылдан бері қазақ тілін оқыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқаны айтылды. Осы уақыт ішінде жыл сайын тегін курстар ұйымдастырылып, орта есеппен 1500 адам қазақ тілін меңгерген. Ал өткен жылдан бастап тыңдаушылар саны жылына 3000 адамға дейін артты.
Қала тұрғыны Анастасия Гадзенко орталықта білім алып жүргенін айтып, алдағы уақытта қазақ тілін еркін меңгеріп, жетілдіруді мақсат ететінін жеткізді.



