«Таза Қазақстан»: Астанада оқушыларға арналған ауқымды экологиялық іс-шара өтті
Астана қаласында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында №96 мектеп-гимназиясында оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы елордалық әкімдіктің ресми сайты хабарлады.
Іс-шараның басты мақсаты — оқушылардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, табиғатты аялау мәдениетін дамыту және экологиялық сананы арттыру.
— Біз «Таза Қазақстан» тақырыбында қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Мектебімізде оқушылар қоқысты арнайы жәшіктерге бөліп тастайды. Сонымен қатар сенбіліктерде ағаш отырғызып, аумақты тазалаймыз, — деді мектеп оқушысы Әкерке Ержанқызы.
Іс-шара барысында бірнеше тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
«Табиғат – тіршіліктің бастауы» көрмесінде оқушылар өздері күтім жасайтын шағын жануарларын таныстырып, оларды күту тәсілдерімен бөлісті.
«Қайта өңдеу – болашаққа қадам» көрмесінде оқушылар мен ата-аналар тұрмыстық қалдықтардан жасалған қолданбалы бұйымдарын ұсынып, қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын көрсетті.
Ал «Топырақсыз өсіру – жаңа технология» көрмесінде өсімдіктерді топырақсыз өсірудің заманауи әрі экологиялық таза әдістері таныстырылды.
Көрмелерден кейін концерттік бағдарлама өтті. Оның аясында оқушылар өлең оқып, ән шырқады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қамтыған бейнеролик көрсетілді.
Іс-шараға белсенді қатысқан оқушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Бұл бастама мектептегі тәрбие жұмысының экологиялық бағытын нығайтып, жас ұрпақтың табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыруғаықпал етті.
#ТазаҚазақстан #Экология #TazaChallenge 🌱



