Қоғам

ҚТЖ мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметін іске қосты

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Магистральдық желі дирекциясы» филиалымен бірлесіп, мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметін енгізді. Бұл сервис теміржол көлігімен сапарлайтын жолаушыларға вокзал қызметкерлерінің көмегін алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа қызмет аясында жолаушы автокөліктен бастап вагонға дейін және кері бағытта, сондай-ақ вокзал аумағында толық сүйемелденеді. Көмек алу үшін өтінімді http://bilet.railways.kz сайтында билет сатып алу кезінде рәсімдеуге болады.
Қазіргі уақытта сүйемелдеу қызметі арнайы арбалармен жабдықталған 57 вокзалда қолжетімді. Егер таңдалған вокзалда бұл қызмет уақытша көрсетілмесе, билет рәсімдеу барысында тиісті опциялар автоматты түрде көрсетілмейді.
Қызметті рәсімдеу үшін жолаушы:
http://bilet.railways.kz сайтынан билет сатып алады;
•сатып алу барысында «Мүгедек» опциясын таңдап, ЖСН мен мүгедектік туралы анықтаманың нөмірін енгізеді;
•қажетті көмек түрлерін белгілейді.
Жолаушыларға ұсынылатын көмек түрлеріне пойыз жөнелтілер алдында және пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі, сондай-ақ арнайы арбамен қамтамасыз ету кіреді.
Өтінімді алдын ала беру вокзал қызметкерлеріне дер кезінде дайындалып, жолаушыға сапардың барлық кезеңінде уақтылы әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін жол жүруге жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда билет құнына 50 пайыз жеңілдік беріледі. Ал коммерциялық «Тальго» пойыздарындағы арнайы купелерге, оның ішінде ілесіп жүретін адамға арналған орындарға да 50 пайыздық жеңілдік қолданылады.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан http://@jolaushylar_tasymaly білуге болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button