Талдыкөл, Greenline, Мыңжылдық: Астанада жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер қай аумақтарда пайда болады?

Астанада қоғамдық кеңістіктерді дамыту және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Қаланың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов елордада алдағы уақытта салынатын жаңа саябақтар мен скверлер туралы мәлімет берді.
Оның айтуынша, бүгінде Астанада 1 Ботаникалық бақ, 14 парк, 8 бульвар және 127 сквер жұмыс істейді. 2025 жылы елордада қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және көгалдандыру бағытында 8 жоба іске асырылған.
Атап айтқанда, Мәңгілік Ел даңғылындағы учаске мен Президент паркі, Есіл өзенінің жағалауы қайта жаңғыртылып, Сығанақ көшесінің бойы абаттандырылды. Сонымен қатар, Greenline аллеясының бірінші кезеңі пайдалануға берілді.
2026 жылы қандай жобалар жүзеге асады?
2026 жылы басқарма 10 қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында:
-
Мыңжылдық аллеясының бірінші кезеңінің құрылысын бастау;
-
Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың артында жаңа сквер салу;
-
Теміржол вокзалы маңында сквер ашу бар.
Сондай-ақ, Greenline бульварының екінші кезеңінің құрылысы басталады. Бұл кезең Омаров көшесінен Күлтегін көшесіне дейін, сондай-ақ Әнет баба көшесінен Төле би көшесіне дейінгі игерілмеген аумақтарды қамтиды. Жоба аясында осы аудан бойынша үлкен аллеяны толық аяқтау көзделген.
Экосаябақ пен қолданыстағы парктерді жаңғырту
Маңызды жобалардың бірі – Талдыкөлдің бесінші учаскесінде Экосаябақтың құрылысын бастау. Бұдан бөлек, Триатлон паркі мен Бейбітшілік пен келісім паркінің реконструкциясы жоспарланған.
Қалада көгалдандыру жұмыстары Ш.Қалдаяқов көшесінде де жүргізіледі. Аталған аумақ Тәуелсіздік даңғылынан бастап «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін жасыл желекпен көмкеріледі.
Веложолдар мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы
Соңғы жоба – Қабанбай батыр даңғылы бойында LRT желісімен қатар веложол мен тротуар салу. Бұл жолдар стелладан Сығанақ көшесіне дейін жалғасады. Жоба қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы жаяу және вело қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған жобалардың жүзеге асуы Астанадағы экологиялық ахуалды жақсартып, қала тұрғындары үшін жайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістіктердің санын арттыруға мүмкіндік береді.



