Бүгін XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді

Бүгін Италияның Милан қаласында орналасқан әйгілі «Сан-Сиро» стадионында XXV қысқы Олимпия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Әлем назарын өзіне аударған тарихи сәтті Қазақстан көрермендері Астана уақытымен 23:55-тен бастап тікелей эфирде тамашалай алады.
Олимпиаданың ашылу кешін еліміздің төрт телеарнасы — Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Jolyқатарынан тікелей көрсетеді.
Ұлттық құрамалар шеруінде Қазақстанның Мемлекеттік туын шорт-трек шебері Денис Никиша мен фристайл-могулдан сынға түсетін Аяулым Әмренова алып шығады. Ерекше атап өтерлігі — биылғы ашылу рәсімі төрт бірдей локацияда қатар өтеді. Денис Никиша Милан қаласындағы негізгі сахнада көрінсе, Аяулым Әмренова шаңғы жарыстары ұйымдастырылатын Ливиньо коммунасында өтетін рәсімге қатысады.
Салтанатты кештің негізгі тақырыбы — Armonia, яғни итальян тілінен аударғанда «үйлесім», «гармония». Бұл идея спорттың, мәдениеттің және халықтар бірлігінің ортақ құндылықтарын бейнелейді.
Сонымен қатар, биыл Олимпиада тарихында алғаш рет алау екі жерде бірдей тұтанады. Олар — Миландағы салтанат қақпасы және Кортина-д’Ампеццодағы Пьяцца Ди Бона алаңы.
Жалпы Милан – Кортина Олимпиадасында Қазақстан намысын 10 спорт түрі бойынша 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) қорғайды. Ал ақ ойындарға әлемнің 93 мемлекетінен 3000-ға жуық атлет қатысып, 16 бағдарламада 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қысқы Олимпиада ойындары 22 ақпанда өз мәресіне жетеді. Ұлттық құрамамыз қатысатын барлық жарысты отандық көрермендер Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.
❄️🏅 Әлемдік спорт мерекесіне қош келдіңіздер! Қазақстан құрамасына сәттілік тілейміз!



