Технология

Қазақстан мен Пәкістан ұлттық LLM әзірлеу бойынша стратегиялық серіктестік бастайды

Қазақстан мен Пәкістан жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде. Қазақстандық QazCode IT-компаниясы Пәкістанның ең ірі телекоммуникациялық операторы JazzWorldкомпаниясымен ұлттық ауқымдағы тілдік модель әзірлеу жөнінде серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің басты мақсаты — Пәкістанның мемлекеттік тілі урдуға арналған алғашқы ірі тілдік модель — UrduLLM құру.

Меморандумға қол қою рәсімі 4 ақпанда Исламабад қаласында өткен қазақ-пәкістан бизнес-форумы аясында өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы бұл бастаманың екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктегі маңызын айқын көрсетті.

Жобаның іргетасы ретінде Қазақстанның ұлттық тілдік моделі KazLLM әзірлеудегі тәжірибесі алынбақ. Қазақстан тарапы пәкістандық серіктестеріне KazLLM архитектурасын, деректер жиынтықтарын (датасеттерді), сондай-ақ тестілеу және енгізу сценарийлерін ұсынатын болады. Сонымен қатар келісім аясында екі елдің зерттеу орталықтары арасында тәжірибе алмасу, мамандар даярлау және бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізу жоспарланған.

KazLLM моделі 2024 жылы ISSAI (Назарбаев Университеті) мен Astana Hub серіктестігінің және Жасанды интеллект пен цифрлық даму саласындағы мемлекеттік органдардың үйлестіруімен әзірленді. Модель қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде 150 миллиардтан астам токен негізінде оқытылып, бүгінде білім беру, бизнес және цифрлық сервистерде кеңінен қолданылып келеді.

Қазақстандық жасанды интеллект әзірлемесінің халықаралық деңгейде мойындалуы 2025 жылы Барселона қаласында өткен GSMA шарасында айқын көрініс тапты. KazLLM шағын тілдік қауымдастықтарға арналған жасанды интеллектті дамытуға қосқан үлесі үшін GSMA Foundry Excellence Award сыйлығын «Жасанды интеллект» номинациясы бойынша жеңіп алды.

Жаңа әзірленетін UrduLLM электронды үкімет қызметтерінде, білім беру платформаларында, интеллектуалды көмекшілерде және урду тілінде сөйлейтін миллиондаған пайдаланушыға арналған цифрлық өнімдерде қолданылмақ. Бұл Пәкістандағы цифрландыру үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға жол ашады.

Аталған келісім Қазақстанның аймақтық жасанды интеллект орталығы әрі цифрлық дипломатиядағы маңызды ойыншы ретіндегі позициясын күшейте түседі. Өзінің технологиялық базасы, адами капиталы мен инфрақұрылымына сүйене отырып, Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері үшін халықаралық технологиялық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырып, мәдени тұрғыдан бейімделген, тәуелсіз жасанды интеллект шешімдерін дамытуға үлес қосып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button