«Халық бухгалтері» науқаны аясында кәсіпкерлерге тегін консультациялар берілуде

Астанада кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдеріне арналған «Халық бухгалтері» ақпараттық-консультациялық науқаны жалғасуда. Жоба аясында салық салу, бухгалтерлік есеп жүргізу және салықтық режимдерді таңдау мәселелері бойынша тегін кәсіби кеңес беріледі.
Қаңтар айында басталған науқан барысында елорда тұрғындарының екі мыңнан астамы салық салу мен бухгалтерлік есепке қатысты өзекті сұрақтары бойынша мамандардың көмегіне жүгінген. Кәсіпкерлерді көбіне салықтық режимді таңдау және оған көшу тәртібі, салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер, электрондық құжат айналымы, соның ішінде шот-фактуралар мен қосылған құн салығы, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін салық салу тәртібі қызықтырады.
«Халық бухгалтері» науқаны шағын және орта бизнес өкілдерінің салықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Жоба кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, ашық әрі түсінікті диалог орнатуға мүмкіндік береді.
Науқан 30 маусымға дейін жалғасады. Қаңтар-ақпан айларында консультациялар аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өтеді. Ал наурыз айынан бастап кеңес беру аптасына екі рет ұйымдастырылады.
Кәсіпкерлер елорданың барлық ауданында орналасқан консультациялық пункттерге жүгіне алады. Атап айтқанда, «Алматы» және «Сарайшық» аудандары бойынша – Жұбанова көшесі, 16; «Есіл» ауданында – Мәңгілік Ел даңғылы, 63; «Нұра» ауданында – Қабанбай батыр даңғылы, 33; «Сарыарқа» ауданында – М.Әуезов көшесі, 34; «Байқоңыр» ауданында – Ш.Айманов көшесі, 6 мекенжайларында кеңес беріледі.
Айта кетейік, барлық консультациялар тегін көрсетіледі. Қосымша ақпаратты 1414/3 байланыс нөмірі арқылы немесе http://@astana_mkd_dgd_astana Instagram парақшасынан алуға болады.



