Айнұр Ильясова «Шексіз ата-ана» атты әлеуметтік деректі фильмін ұсынады

Өмірдегі ең ұлы миссия — ата-ана болу. Бұл тек өмірге жаңа жан әкелу ғана емес, оны махаббатпен, сеніммен және үлкен жауапкершілікпен қарсы алып, тәрбиелеу. «Шексіз ата-ана» жобасы — ата-ана атанудың қуанышы мен қиындығын, үміті мен шындығын шынайы көрсететін Қазақстандағы тұңғыш әлеуметтік деректі фильм.
Ата-ана болу — ұлы міндет. Ал бұл жол баланы жоспарлаудан басталады. Бала дүниеге келгеннен кейін де әрбір әке мен ананың алдында сан түрлі сұрақ туындайтыны белгілі. «Шексіз ата-ана» деректі фильмі жүктілік кезеңінен бастап, баланың мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі аралықтағы өзекті мәселелерді қамтиды.
Фильмде жүктілік кезінде мемлекет тарапынан көрсетілетін медициналық көмек, міндетті тексерулер, еліміздегі ақылы және тегін перзентханалардың жұмыс істеу тәртібі, босанушы әйелдің құқықтары, жүктілікке және босанғаннан кейін берілетін жәрдемақылар, бала тәрбиесіне қатысты қазақы дәстүрлер, босанғаннан кейінгі күтім мен күйзеліс, балабақша таңдау және оған орналастыру, жалғызбасты аналарға көрсетілетін қолдау, баланы мектепке қабылдау сияқты маңызды тақырыптар кеңінен қозғалады.
«Шексіз ата-ана» көрерменге тек ақпарат ұсынып қана қоймай, терең сезімге жетелейді. Фильмде жүкті әйелдер мен жас аналардың өмірінен алынған шынайы оқиғалар, олардың үміті мен қорқынышы, босануға дайындық сәттері мен алғашқы аналық сезімнің қуанышы бейнеленеді.
Спикерлер қатарында медицина және құқық саласының кәсіби мамандарымен бірге өнер өкілдері де бар.
Блогер әрі тележүргізуші Камила Саян босанғаннан кейінгі күйзеліс пен жеке аналық тәжірибесі туралы ашық әңгімелейді.
Ал актриса Гүлнар Сильбаева күні жетпей туған сәбиінің күтіміне байланысты кездескен қиындықтар мен қоғамда әлі де шешімін таппаған мәселелерді көтереді.
Сондай-ақ фильмде блогер, жүргізуші Айгерім Үзембаеваның ұлын қырқынан шығару рәсімі көрсетіліп, бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні айқындалады. Жалпы, туынды қазақ халқының бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүрлеріне ерекше назар аударады.
Жобаның авторы әрі продюсері Айнұр Ильясованың айтуынша:
«Шексіз ата-ана» — бұл жай ғана деректі фильм емес, өмірдің өзінен алынған сабақ. Ол қоғамға аналық пен әкелік жауапкершіліктің шексіз екенін, әрбір баланың өмірге келуі — ғажайып әрі аса маңызды қадам екенін еске салады. Бұл фильм — жүректен шыққан шынайы үн».
Фильмнің алдын ала көрсетілімі 13 ақпанда өтеді.



