№2 қалалық емханада ЭЭГ кабинеті ашылды
№2 қалалық емханада электроэнцефалография (ЭЭГ) кабинеті жұмысын бастады.

Жаңа заманауи аппарат мидың функционалдық жағдайын анықтауға арналған диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. ЭЭГ зерттеуі жиі бас ауруына шағымданатын, есінен тану немесе құрысу белгілері бар, жарақаттан кейінгі асқынуларды бастан өткерген науқастарға тағайындалады. Сонымен қатар балалардың сөйлеу дамуы кешеуілдеген жағдайларда да қолданылады.
№2 қалалық емхананың дәрігер-невропатологы Гүлбаршын Садуованың айтуынша, электроэнцефалография – инвазивті емес әрі ауыртпалықсыз диагностикалық әдіс.
– Зерттеу барысында бастың тері қабатына арнайы электродтар қойылып, ми нейрондарының белсенділігі тіркеледі. Аппараттың басты артықшылығы – ұйқы бұзылыстары, эпилепсия, операциядан кейінгі асқынулар, жарақат салдарлары, ми ісіктері мен қабыну процестері секілді түрлі патологияларды анықтауға мүмкіндік беруінде, – деді дәрігер.
Диагностикалық тексеруден күндізгі уақытта, яғни таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін өтуге болады. Сонымен қатар 10 сағатқа созылатын түнгі зерттеу де қарастырылған. Ол кешкі 22:00-ден таңғы 08:00-ге дейін жүргізіледі. Тексеру ересектер мен балалар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді.
Дәрігердің айтуынша, түнгі ЭЭГ зерттеуі тек медициналық көрсеткіштер бойынша және терапевт, педиатр немесе неврологтың жолдамасымен ғана жүргізіледі.
Аталған процедура міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысатын азаматтар үшін тегін. Ал сақтандырылмаған тұрғындар тексеруден ақылы негізде өте алады.
Кабинетте жоғары дәлдік пен ақпараттылықты қамтамасыз ететін екі заманауи аппарат орнатылған. Сонымен қатар бөлме пациент пен оны ертіп келген адамға ыңғайлы жағдай жасай отырып жабдықталған.
Тексеруге жазылу немесе қосымша ақпарат алу үшін 8 700 158 03 31 нөміріне хабарласуға болады.
Мекенжайы: Астана қаласы, Республика даңғылы, 50 (Қалалық №2 емхананың ересектер корпусы), 4-қабат, 404-кабинет.



