Қоғам

Астанада су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді

Елордада көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалада арық-науа жүйелері мен нөсерлі кәріз желілері тазартылып, жаңа тазарту құрылыстары салынып, қолданыстағылары жаңғыртылуда. Сондай-ақ қарды қала сыртына шығару жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Еріген қар суын қауіпсіз өткізуге арналған Кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл мәселе әкімдікте өткен арнайы кеңесте қаралды. Жиынға Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазсушар» РМК, «Қазгидромет» РМК және өзге де жауапты мекемелердің өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда коммуналдық қызметтер 38 шақырым арық-науа желісін және 16 шақырым нөсерлі кәріз жүйесін тазартты. Сонымен қатар 3,3 мыңға жуық бақылау және жаңбыр суын қабылдайтын құдықтар тазаланып, 530 метр құбыр бу әдісімен өңделді. Жалпы көлемі 884 тонна лай шығарылды. Қыс мезгілінен бері қала аумағынан 4,6 миллион текше метрден астам қар сыртқа шығарылған.

Су тасқыны қаупінің алдын алу және ықтимал салдарын жою үшін инертті материалдардың қажетті қоры жасақталды. Азаматтық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтер күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеуде.

«Астана су арнасы» кәсіпорны 170 метр қысымды желі тартты. Қазіргі уақытта диаметрі 400–1600 мм болатын магистральдық желілер тазартылуда. Кәріз-тазарту станциясында сағатына 5–7 мың текше метр су айдайтын төрт сорғы орнатылған.

Индустриялық парк аумағында Ақбұлақ өзенінің жағалауын бекіту және арнасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандар, жекеменшік сектор және тұрғын алаптар аумағынан қарды уақытылы шығару, сондай-ақ бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау қажет екенін атап өтті.

Су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыстар тәулік бойы бақылауда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button