Басты жаңалық

ОРК: 71 мыңнан астам комиссия мүшесі оқытудан өтеді

Орталық референдум комиссиясының отырысында күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов баяндама жасады. Оның айтуынша, республикалық референдумды сапалы ұйымдастыру комиссия мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейіне тікелей байланысты.

Референдумға дайындық аясында аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесі электоралдық оқытумен қамтылады. Оқыту жұмысы каскадтық модель негізінде, кезеңдер мен жауапкершілік деңгейлері нақты айқындала отырып, жүйелі түрде жүргізіледі.

Сонымен қатар, байқауға аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және республикалық әрі өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылады.

ОРК төрағасы дайындық жұмыстарының барысы, оқыту сапасы және дауыс беру учаскелерінің талапқа сай жабдықталуы комиссияның тұрақты инспекциялық бақылауында болатынын атап өтті.

Отырыс барысында республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітіліп, қажетті құжат нысандары айқындалды. Сондай-ақ референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмыс жүргізу және мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

ОРК төрағасы өңірлік комиссия мүшелеріне күнтізбелік жоспардағы барлық іс-шараларды белгіленген мерзімдерге сәйкес орындаудың маңыздылығын ескертті.

Орталық референдум комиссиясы азаматтарды референдумға қатысушылар тізіміне енгізілгенін алдын ала тексеруге және заңдық маңызы бар қажетті әрекеттерді жүзеге асыруға шақырды.

Отырыс қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button