Басты жаңалық

ОРК отырысында референдум кезеңіндегі үгіт жұмыстарының тәртібі түсіндірілді

Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының (ОРК) отырысында күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндама жасап, республикалық референдум өткізу кезеңіндегі үгіт-насихат жұмыстарының негізгі аспектілеріне тоқталды.

Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес республика азаматтарына және қоғамдық бірлестіктерге референдумға шығарылған мәселе бойынша өз пікірін еркін білдіруге кепілдік беріледі. Азаматтар жиналыстарда, митингілерде, жиындарда және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көзқарасын жариялай алады. Алайда мұндай іс-шаралар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң талаптарына сай өткізілуі тиіс.

Үгіт жұмыстары баспа материалдарын тарату арқылы да жүзеге асырылады. Заңнамаға сәйкес, әрбір баспа үгіт материалында оны шығарған ұйым, басылған орны, таралымы және шығаруға жауапты тұлғалар туралы нақты мәліметтер көрсетілуі қажет. Анонимді үгіт материалдарын таратуға қатаң тыйым салынады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 113-бабына сәйкес, үгіт материалдарын дайындау немесе тарату кезінде заң талаптарын бұзу, соның ішінде тапсырыс беруші туралы мәліметтердің болмауы, материалдарды шетелде дайындау немесе анонимді үгіт жүргізу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Сонымен қатар, республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, елдің тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни алауыздықты қоздыруға, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға жол берілмейді.

Референдум қарсаңындағы күн мен дауыс беру күні үгіт жүргізуге тыйым салынған. Бұл талапты бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Ләззат Сүйіндік сондай-ақ қоғамдық пікірге сауал салу тәртібіне тоқталды. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес, референдумға қатысты сауалнамалар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.

Ал референдум туралы заңның 26-бабына сәйкес, сайлау органдары азаматтарды тек дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етеді және үгіт-насихатпен айналыспайды. Дауыс беру күні учаске ғимаратында Конституция жобасының мәтіні мен дауыс беру бюллетенінің үлгісі орналастырылуы тиіс.

ОРК төрағасы Нұрлан Әбдіров аталған талаптардың қатаң сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button