Қазақстанда республикалық референдумға халықаралық байқаушылар қатысады

Орталық референдум комиссиясының отырысында күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасап, республикалық референдум барысында халықаралық байқау институты ашылғанын хабарлады.
Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық байқаушыларды шақыру жөніндегі өз халықаралық міндеттемелерін тұрақты түрде орындап келеді. Халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумды ұйымдастырудың ашықтығын арттырып, азаматтардың дауыс беру процесіне деген сенімін күшейтеді.
Референдум кезінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар қатыса алады. Оларды аккредиттеу тәртібі мен құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес айқындалады. Байқаушыларды Орталық референдум комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы негізінде тіркейді.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының референдумға дайындық пен оны өткізу барысын еркін жариялауына және іс-шараларға қатысуына кепілдік беріледі.
ОРК төрағасының мәліметінше, дәстүрлі түрде 30-дан астам елдің орталық сайлау органдары мен бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдерін шақыру жоспарланып отыр.



