Республикалық референдумды ұйымдастыру мәселелері талқыланды
2026 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының (ОРК) отырысы өтіп, 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды өткізу және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жиынға ҚР Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктері аппараттарының басшылары мен аумақтық референдум комиссияларының мүшелері бейнеконференция арқылы қосылды. Отырыс сурдоаудармамен қамтамасыз етіліп, ОРК-ның интернет-ресурсы мен YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Отырысты ашқан ОРК төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өтетінін хабарлады. Референдумға:
«Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал шығарылады.
ОРК төрағасы референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, республикалық референдум — азаматтардың мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша өз ұстанымын тікелей білдіруіне мүмкіндік беретін маңызды демократиялық институт.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мен комиссия мүшесі Азамат Айманакумов баяндама жасады.
Мұхтар Ерман референдумды ұйымдастыру кезеңіндегі негізгі міндеттерге тоқталды. Науқанның жалпы ұзақтығы — 32 күн. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар учаскелердің шекаралары туралы, ал аумақтық комиссиялар өз құрамдары мен орналасқан жерлері жөніндегі ақпаратты 21 ақпаннан кешіктірмей БАҚ-та жариялауы тиіс.
Дауыс беруге 15 күн қалғанда азаматтарға өздерін дауыс берушілер тізімінен тексеруге мүмкіндік беріледі. Егер өзгеше шешім қабылданбаса, дауыс беру 15 наурыз күні таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді. Референдум қорытындылары туралы ресми хабарлама 21 наурыздан кешіктірілмей жариялануы қажет.
Азамат Айманакумов референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмыс барысы туралы баяндады. Республика бойынша барлығы 10 413 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 9 779-ы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша, 634-і уақытша болу орындарында орналасқан. Шетелдерде 64 мемлекетте 82 учаске ашылады.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дауыс беруге құқығы бар 12 416 759 азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелген. Бұл тізім көші-қон үдерістеріне және азаматтардың өтініштеріне байланысты нақтыланып отырады.
Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқор негізінде жасайды. Әрбір азамат науқан жарияланған сәттен бастап тіркелуге құқылы. Сондай-ақ әкімдіктер азаматтарға өздерін тізімнен тексеру және дауыс беру учаскесін анықтау үшін онлайн-сервистерді кеңінен қолдануды жалғастырады.
Отырыста жергілікті атқарушы органдарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, цифрлық сервистерді белсенді пайдалануды ұйымдастыру ұсынылды.



