Тариф өзгерген жоқ: төлемнің өсуіне не себеп?

Астана тұрғындары коммуналдық төлемдердің күрт өскені туралы жазуда. Тариф қымбаттады ма? «Астана Теплотранзит» АҚ былай деп түсініктеме берді. «Жылу жүйесіне төленетін ақы көлемі сыртқы ауаның орташа температурасына тікелей тәуелді. Күн суытқан сайын тұрғын үйлерде белгіленген температураны ұстап тұру үшін көбірек жылу энергиясы жұмсалады. Соның нәтижесінде төлем түбіртектеріндегі сома да артады.
-
2025 жылғы қарашада – 0,36 °C;
-
2025 жылғы желтоқсанда – -8,1 °C;
-
2026 жылғы қаңтарда – -14,3 °C.
Көрсеткіштерден байқалғандай, қыс айларында ауа райы айтарлықтай суық болды. Соған байланысты жылу тұтыну көлемі объективті түрде өсті. Дегенмен, жылумен жабдықтау тарифі өзгерген жоқ.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 488-бабына және «Жылу энергетикасы туралы» заңға сәйкес, тұтынушылар төлемді нақты пайдаланылған жылу энергиясы үшін жүргізеді.
Жылу құнына бірнеше фактор әсер етеді:
-
сыртқы ауаның орташа айлық температурасы;
-
жылу энергиясын есепке алу құралдарының болуы және олардың жарамдылығы;
-
есептеу тәсілі (есептегіш арқылы немесе нормативтік әдіспен);
-
ыстық су есептегіштерінің көрсеткіштерін уақытылы тапсыру;
-
нақты тұтыну көлемі.
Жылуды есепке алудың екі негізгі тәсілі бар:
-
аспаптық әдіс – жалпыүйлік есепке алу құралдарының деректері негізінде;
-
есептік әдіс – есептегіш болмаған немесе уақытша жарамсыз болған жағдайда бекітілген нормалар бойынша.
Сонымен қатар, жылу тұтыну мөлшері ғимараттың техникалық ерекшеліктеріне, инженерлік желілердің жағдайына, автоматты реттеу жүйесінің болуына және тұрғындар санына да байланысты. Әсіресе, бұл ыстық су шығынына әсер етеді.
Жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 32-тармағына сәйкес, жалпыүйлік есептегіштерге техникалық қызмет көрсету және оларды тексеру міндеті үйді басқару органдарына – МИБ, ПИК және басқа да қызмет көрсетуші ұйымдарға жүктеледі. Жарамды есепке алу құралы нақты тұтыну бойынша төлем жасауға мүмкіндік береді.
Бірыңғай төлем құжаты бойынша төлемді әр айдың 25-іне дейін жүргізу қажет. Осы мерзімнен кейін жасалған төлемдер келесі есептік кезеңде есепке алынады.
Жылумен жабдықтау және есеп айырысу мәселелері бойынша «Астана-Теплотранзит» АҚ-ға мына мекенжайлар арқылы хабарласуға болады:
-
Тұран даңғылы, 12;
-
Қажымұқан көшесі, 8А.
Электрондық пошта: info@a-tranzit.kz
Call-орталық:
+7 7172 91 88 88
+7 708 091 88 88
Жұмыс уақыты: дүйсенбі–жұма күндері 07:30-дан 19:00-ге дейін, сенбі 09:00-ден 14:00-ге дейін.



