Қазақстан пара велошабандоздары Азия чемпионатында 6 медаль жеңіп алды

Сауд Арабиясының Әл-Кассим аймағында өтіп жатқан шосседегі пара велоспорттан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін табысты басталды. Отандастарымыз 1 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, ел қоржынына алты жүлде салды.
Ерлер арасындағы В класы бойынша 26,8 шақырымдық тандемдік жекелей сында Кирилл Ильюкевич пен Глеб Бруссенский күміс жүлдегер атанса, Наиль Ермуханбет пен Руслан Алиев қола медаль еншіледі. Әйелдер арасындағы тандемдік жарыста Жұлдыз Қайнарова мен Анжела Соловьева алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, С4 класында Павел Бабенко күміс жүлдеге қол жеткізді.
H2 класында Берік Картбай күміс медаль иеленіп, Қазақстан тарихында handcycle санатындағы Азия чемпионатындағы алғашқы жүлдені жеңіп алды. Чемпионатқа 10 елден 50-ден астам спортшы қатысуда. 13 ақпанда қазақстандық спортшылар топтық сында бақ сынайды.



