Астанада «Бұрқасын-2026» қысқы фестивалі өтті

Елордада Есіл өзенінің жағалауында дәстүрлі «Бұрқасын-2026» қысқы фестивалі ұйымдастырылды. Биыл 25-рет өткен ауқымды спорттық шараға 2000-нан астам адам қатысты.
Фестиваль Милан-2026 қысқы Олимпиадасына қатысып жатқан қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында өткізілді. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамовтың айтуынша, биылғы шараның маңызы ерекше.
Оның сөзінше, Италиядан жеткен жағымды жаңалық барша жанкүйерді қуантқан. 32 жылдан кейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ел тарихындағы қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтын медальді жеңіп алды. Бұл жетістік фестивальге қатысушыларға ерекше серпін берген.
2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Бұрқасын» фестивалі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Алғашқы жылдары бағдарламада 5 спорт түрі болса, бүгінде олардың саны 13-ке жетті. Қатысушылар шаңғы жарысы, гір спорты, армрестлинг, валенкимен хоккей, белбеу күресі, мотокросс, автоспорт, арқан тарту, қысқы мини-футбол, қар лақтыру, қысқы волейбол, мас-рестлинг және тюбингтен сынға түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль қыстық спорт түрлерін насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосып келеді.



