«Бұрқасын-2026»: Олимпиададағы спортшыларға қолдау көрсетілді

Астанада өткен «Бұрқасын-2026» қысқы фестивалі биыл ерекше мазмұнда ұйымдастырылды. Шара Милан Олимпиадасында ел намысын қорғап жатқан спортшыларға қолдау көрсетуге арналды.
Фестиваль аясында қатысушылар спорттық жарыстарға қатысып қана қоймай, олимпиадалық бәсекелерді тікелей эфирден тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Түскі сағат 14:30-да фристайлшылар Юлия Галышева мен Анастасия Городконың жарысы көрсетілді.
Қала тұрғындары белсенділік танытып, қысқы спорттың түрлі түрлері бойынша бақ сынады. Фестивальге тұрақты қатысушы Станислав Зуров биыл қызының да шаңғы жарысына қатысқанын айтты. Оның пікірінше, қысқы спорт денсаулықты нығайтып, төзімділікті арттыруға көмектеседі.
25 жылдық тарихы бар фестиваль елордадағы ең ірі қысқы спорттық мерекелердің біріне айналған. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.



