Елордада ата-аналар спорттық сайыста бақ сынады
Астанадағы Зерде мамандандырылған лицейінде «Салауатты отбасы — салауатты қоғам» атты ата-аналар спартакиадасы өтті. Бұл туралы Астана әкімдігі ресми сайты хабарлады.
Спорттық шараға жүзден астам ата-ана қатысып, шахмат, волейбол және үстел теннисі бойынша сынға түсті.
Әкелер кеңесінің төрағасы Мұхтар Шотбаевтың айтуынша, дәстүрлі спартакиада биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ол лицейде апта сайын өтетін спорттық жарыстардың қорытындысы іспетті.
Іс-шараның басты мақсаты — отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар арасында байланыс орнату және тәжірибе алмасу. Жыл сайын жарысқа қатысушылар саны артып келеді.
Ата-аналар мұндай шаралар балаларға жақсы үлгі көрсетіп, мектеп қауымдастығын біріктіретінін атап өтті. Олар оқушыларға білімде, өнерде және спортта табыс тіледі.
Спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктар мен медальдармен марапатталды.



