Спорт

Жапонияда топ жарған Ерсін Балтағұл елорда балуандарымен кездесті

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақтан шыққан кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұлдың қазақстандық спортшылармен кездесуі өтті. Жапонияда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген балуан тәжірибесін бөлісіп, жас спортшыларға мотивациялық әңгіме өрбітті.

Кездесуге қазақ күресінің түйе балуандары мен «Qazaqstan Barysy» турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері, сондай-ақ дзюдодан ұлттық құрама спортшылары қатысты. Ерсін Балтағұл – Алматы қаласының тумасы. Ол спорт жолын қазақ күресі мен дзюдодан бастап, кейін Жапониядағы Нихон университетін тәмамдап, кәсіби сумоға бет бұрған.

Шара барысында оның халықаралық аренадағы жетістіктері атап өтілді. «Хацу басё – 2025» турнирінде 15 күндік бәсекеде 13 жеңіске жетіп, жүлделі орын иеленуі – ел спорты үшін маңызды нәтиже болды. Қазір ол сумоның ең жоғары дивизионы – Макуутиде өнер көрсетіп жүр.

Ерсін Балтағұл кәсіби спорттағы табыстың негізі – еңбек пен тәртіп екенін айтты. Оның сөзінше, сумода жиі қолданатын әдістерінің бірі – қазақ күресіндегі «Жамбас» тәсілі. Сондай-ақ ол қазақ күресін Жапонияда дамытуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Кездесу соңында спортшыға құрмет көрсетіліп, дәстүрлі шапан жабылды. Баспасөз орталығындағы сұхбатта балуан алдағы жоспарларымен бөлісіп, Осакада өтетін император кубогіне дайындалып жатқанын айтты.

Бұл жүздесу жас балуандар үшін үлкен мотивация болып, қазақ спортының халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button