Колумбияда өткен Әлем кубогы кезеңінде астаналық спортшылар 4 медаль жеңіп алды

13–15 ақпан аралығында Колумбияның Медельин қаласында әртістік жүзуден Әлем кубогының кезеңі өтті. Дүбірлі додаға 20 елден 120 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Жарыстың алғашқы күнінде Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, екі алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді.
Ерлер арасындағы еркін бағдарламада елордалық Эдуард Ким тамаша өнер көрсетіп, 195.2476 ұпай жинады. Осы нәтижемен ол қарсыластарынан айқын басым түсіп, алтын медальді қанжығасына байлады.
Әйелдер арасындағы топтық еркін бағдарламада Қазақстан құрамасы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Команда сапында астаналық спортшылар Әйгерім Құрманғалиева, Жаклин Якимова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова және Ясмина Исламова өнер көрсетті.
Келесі жарыс күнінде осы құрам акробатикалық топтық бағдарламада да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ микс-дуэттің техникалық бағдарламасында елордалық Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова қола жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, Медельинде өткен Әлем кубогы кезеңі астаналық спортшылар үшін табысты аяқталды.



