Айыппұлды заңды түрде қалай жоюға болады?

Егер сізге айыппұл келсе, бірден уайымдаудың қажеті жоқ. Алдымен құжатты мұқият қарап шығыңыз. Онда құқықбұзушылықты тіркеген камераның сертификаты (тексеру мерзімі) көрсетіледі. Егер құқықбұзушылық тіркелген күні сертификаттың мерзімі өтіп кеткен болса, бұл айыппұлды қайта қарауға негіз болуы мүмкін.
Threads желісінің бір қолданушысы дәл осындай жағдайға тап болғанын жазды. Камераның сертификаты бұзушылық тіркелген күні күшін жойған екен. Ол шағым түсіргеннен кейін іс жүргізу ҚР ӘҚБтК-нің 741-бабына сәйкес мерзімнің өтуіне байланысты тоқтатылған.
Сонымен қатар, айыппұлды мына жағдайларда да даулау мүмкін:
-
көліктің мемлекеттік нөмірі немесе басқа деректері қате көрсетілсе;
-
фотосурет сапасыз болып, нөмір толық оқылмаса;
-
мәжбүрлі жағдай болса (мысалы, жол-көлік оқиғасын айналып өту);
-
және өзге де процессуалдық қателіктер анықталса.
Маңыздысы: камера сертификатының мерзімі өткен болуы жол қозғалысы ережесін бұзуға болады дегенді білдірмейді және айыппұл автоматты түрде жойылады деген сөз емес. Әр жағдай жеке қаралады.



